Кіндігі де кесілмеген: Таразда су арнасынан жаңа туған шақалақтың мәйіті табылды

Шақалақтың анасының кім екенін іздеу жүріп жатыр

Кіндігі де кесілмеген: Таразда су арнасынан жаңа туған шақалақтың мәйіті табылды
Фото: istockphoto.com

Тараз қаласының шетіндегі су арналарының бірінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Суда жатқан баланың денесін маңайда ойнап жүрген балалар бірінші болып байқаған. Полиция тергеу жүргізіп, сәбидің анасын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай қала шетіндегі шағынаудандардың бірінде болған. Арнаның маңында ойнап жүрген балалар бастапқыда суда жатқан затты қуыршақ деп ойлаған. Алайда кейін оның жаңа туған сәбидің мәйіті екені анықталған.

Телеарна мәліметінше, сәбидің мәйіті табылған кезде кіндігі кесілмеген күйде болған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Полиция қызметкерлері сәбидің анасының кім екенін анықтау үшін барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр», – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Полиция баланың өлімінің мән-жайын анықтап, оның анасын іздестіріп жатыр.