Алматыда өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қару көрсетіп жүрген бес жігіт ұсталды (ВИДЕО)
Көлікті тексеру кезінде орындықтың астынан тапаншаға ұқсас зат табылды
Алматыда полиция өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қаруға ұқсас зат көрсеткен бес жігітті ұстады. Олардың көлігінен тапаншаға ұқсас зат табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Қабанбай батыр мен Әуезов көшелерінің қиылысында бес жас жігіт мінген Toyota Camry көлігін тоқтатқан.
Көлікті тексеру кезінде орындықтың астынан тапаншаға ұқсас зат табылды. Ол тәркіленді.
«Кейінгі тексеру полиция қызметкерлерін күдіктілер ұсталғанға дейін болған оқиғаға алып келді. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіттер дүкендердің бірінің маңында өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, оларға қаруға ұқсас зат көрсеткен», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Осы факті бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізуде. Оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.