ШҚО-да мемлекетке 525 млн теңге сомасында залал келтірген қылмыстық топ ұсталды
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
ШҚО-да «STOP обнал» жедел-профилактикалық іс-шараларының аясында іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Тексеріс барысында ұйымдасқан топтың басшысы 2017-19 жылдар аралығында бірқатар кәсіпорын құрып, ШҚО аумағында өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырғаны анықталды.
Жалған кәсіпорындардың қызметі салдарынан мемлекетке 525 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлімі (ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) және 216-баптың 3-бөлімі (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.