Елордада көпқабатты үйден секірген ер адам қайтыс болды, әйелдің басы жарылған

Екеуінің де ағзасынан алкоголь анықталған

Елордада көпқабатты үйден секірген ер адам қайтыс болды, әйелдің басы жарылған

Кеше елордада көпқабатты үйдің пәтерінен секіріп кеткен ер адам ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«21 маусым күні кешке жедел жәрдем станциясына ер адамның көпқабатты үйден құлағаны туралы қоңырау түсті. Дәрігерлер бригадасы оқиға орнына бірден жетті. 1989 жылғы ер адам №2 көппрофильді қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы ауыр еді, өкінішке қарай, алған жарақатынан қайтыс болды», - деді басқармадағылар.

Жедел жәрдем оның артынан секірген 1986 жылғы әйел адамды да ауруханаға жеткізген.

«Әйелдің жамбасы сынған. Бас сүйегінен жарақат алған. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, миы шайқалған, қазір палатада, жағдайы орташа ауыр», - делінген басқарма таратқан хабарламада.

Ал, қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, терезеден секірген ер мен әйелдің қан құрамынан алкоголь табылған.

Еске салайық, 21 маусым күні кешке елордадағы «Инфинити» тұрғын үй кешенінің терезесінен алдымен ер адам, артынша 34 жастағы әйел адам секіріп кеткен болатын. Аталған жайтты куәгерлер видеокамераға түсіріп алған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.