Елордадағы перзентханада тағы сәби шетінеді: туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр
Босанарға дейін баланың жағдайы жақсы болған
Елордадағы №2 аймақтық көпсалалы ауруханадан шу шықты. Жаңа туған баласынан айрылған Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығын сынға алды. 37 жастағы келіншектің айтуынша, медициналық тексеріс кезінде ақ халаттылар іштегі сәбидің жағдайы қалыпты екенін айтқан. Алайда, толғағы келген әйелге ота жасалыпты. Бірақ нәресте шетінеп кеткен, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Алтынгүл Тоқтасынның туыстары дәрігерлерден мардымды жауап ала алмай жүр. Олардың айтуынша, мамандар тексеріс кезінде іштегі сәбидің жүрек қағысы қалыпты екенін айтқан. Тек нәресте теріс келгендіктен, ота арқылы босандыратынын жеткізген. Алайда, 4 сағат бойы отаны бастамай, тек әйелден қан кете бастағанда ғана шара қолдана бастапты.
Алтынгүлдің өзі болса баласының сау туғанына сенімді. Наркозда болсам да баланың қозғалысы мен дауысын анық естідім деп отыр. Бұл істе басқа бір шикілік барынан күдіктенеді.
«Операцияға кірген кезде балам қозғалып тұрған. Мен оны наркоз берсе де біліп жаттым. Баланың даусын да естідім. Одан кейін білмейм. Оянған соң бір-ақ естідім. Бәріне босандырған дәрігерді кінәлаймын», - дейді баласынан айрылған келіншек.
Аурухана мамандары сол түні кезекшілік еткен дәрігермен әлі хабарласа аламағандарын айтты. Таңнан бері телефон тұтқасын көтермейтінін жеткізді. Емхана басшылығы бала іштен өлі туды деді.
«Өкінішке қарай, іштегі сәби өлі туды. Науқас бізге жедел жеткізілген болатын. Алайда, бала кері келген. Бұл жағдайда дәрігер өзі шешім қабылдайды. Баланы анасының өзі босануына мүмкіндігі болғандықтан, біраз күтуге тура келді. Бірақ қан кете бастағандықтан бірден ота жасауға кірістік. Ішке қан кетіп, бала демігіп қалған», - деді аймақтық №2 көпсалалы аурухананың перзентхана бөлімі меңгерушісі Айгүл Қажығаппарова.
Дәрігерлер бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтауға уәде етті. Жуырда арнайы комиссия құрылмақ. Жас анадан қажетті сараптамалар алынған. Тіпті, СOVID-19-ға да сынама тапсырыпты. Тексеріс қортындысы шыққан соң, сәбидің шетінеп кетуінің себебі анықталмақ.