Түркістан облысында такси жүргізушісі тонаушылардан құтылу үшін жүріп бара жатқан көліктен секіріп кетті
Күдіктілердің бірі Қордайға, екіншісі Шымкентке қашып кеткен

Түркістан облысының полицейлері такси жүргізушісін соққыға жығып, одан ақша бопсаламақ болған екі жігітті қолға түсірді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап. Жүргізуші жанын аман алып қалу үшін жүріп бара жатқан көліктен секіріп кеткен.
Белгілі болғандай, Қазығұрт аудандық полиция бөліміне Ордабасы ауданының тұрғыны шағымданып келген. Ол Шымкент қаласындағы таксопарктердің бірінде жұмыс істейді екен. Айтуынша, екі жігіт оны ұрып-соғып, 600 мың теңге талап еткен.
«Полицейлер анықтағандай, екі жігіт Қазығұрт ауылына дейін такси жалдаған. Жолай олар жүргізушіні пышақпен қорқытып, одан ақша талап еткен. Қажетін ала алмағаннан кейін олар ұрып-соғуға көшіпті. Алайда, жүргізуші сәті түскенде жүріп бара жатқан көліктің есігін ашып, секіріп кеткен. Өзге көлікке отырған ол полиция бөлімшесіне дейін келіп, болған жайтты айтып берді. Тәртіп сақшылары сол сәтте күдіктілерге іздеу жариялады», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Жәбірленушінің автокөлігі Сарыағаш ауданынан табылды. Ал, күдіктілердің бірі Қордай ауылынынан, екіншісі Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінен ұсталып отыр. Олардың екеуі де Сарыағаш ауданының тұрғындары, жұмыссыз. Олардың үстінен «Бопсалау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.