$ 541.93  636.71  6.83
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жақсылық жасаймын деп, қылмыскер атанбаңыз: алаяқтар дропперлерді қалай қолға түсіреді

Дропперлерге заң қатаңдады

Жақсылық жасаймын деп, қылмыскер атанбаңыз: алаяқтар дропперлерді қалай қолға түсіреді
Фото: Freepik

Цифрлы қаржы жүйесі дамыған сайын алаяқтардың айласы да көбейіп келеді. Бүгінде Қазақстанда дропперлік схемамен ақша жылыстату жиілеп отыр. Ең сорақысы, адамдар қылмысқа қатысып тұрғанын білмей қалып жатады. Енді банк картасынан бөтен адамның ақша шешіп алуына рұқсат етіп, «жақсылық жасағандар» қатаң жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналист Дарын Нұрсапар 13 жастағы ұлының алаяқтарға алданып қалғанын айта келе, қоғамда ушығып тұрған дропперлік мәселесін көтерді. Айтуынша, жасөспірім бала жаз бойы еңбек етіп, маңдай терімен тапқан табысына OLX сауда сайтынан телефон сатып алмақ болады. Көңілінен шыққан жарнаманы оқып, авторымен хабарласады. Бірақ оқушы сол сәттен бастап алаяқтың құрығына түскенін сезбеген.

«Екеуі кездесіп, алдымен телефонды тексеріп көретін болып уағдаласады. Барып көрсе, қорабы да, кепілдік құжаты да, қуаттаушы құрылғысы да бар тамаша айфон екен. Иесі Алексей деген жап-жас кәріс жігіт. Ол ұсталған телефон болса да, еш міні жоқ екенін айтып, бәрін тәптіштеп түсіндіріп беріпті. Содан ұлым телефонды ұнатып, иесі қолма-қол ақшаны алмаймын деген соң, анасының шотына 300 мың теңгені бір нөмірге аударып жібереді. Ұлымның қуанышында шек жоқ, қолында айфон, қолтығына қорабын қысып тұрып, Алексей ағасының қолын алып, “ал жақсы, рахмет” деп қоштасып жатпай ма... Сонда Алексей “ақысын кім төлейді сонда” деп аң-таң, “ақшаңды жаңа ғана жібердім емес пе?” деп ұлым да аң-таң болады», – деді журналист.

Дарын Нұрсапар көпшілік біле бермейтін алаяқтық схеманы бастан-аяқ түсіндіріп өтті. Айтуынша, сатушыны да, жасөспірімді де интернеттегі қаскөй оңай алдап түсірген. Алексейге белгісіз ер адам алдын ала хабарласып: «Інішегіме телефон алып берейін деп едім, келіп көрсін. Өзім басқа қаладамын. Егер ұнатып жатса, ақшасын аудара саламын», – деп ескертеді. Өйткені алаяқ сатушының сайттағы хабарландыруын алып, едәуір арзандатып, өзі салып қойған. Оқушы сол хабарландыру бойынша телефон соққан.

«Менің ұлыма айтады: “Сен осындай мекенжайға бар. Алексей деген досым шығады, мен қоймада жүрмін, қолым тимей жатыр. Алексей бәрін түсіндіріп айтады. Ұнаса аласың, ұнамаса көресің ғой”, – дейді. Екеуінің көзінше видеомен хабарласқан, бірақ бейнесін көрсетпеген. Айлакер өзін менің ұлымның “ағасы”, Алексейдің “досы” болып таныстырған. Сосын балама қайта жеке хабарласып, телефонды дұрыстап тексеріп алуды тапсырған, алатын басқа адамдардың кезекте тұрғанын айтып, ойланбастан сатып алуға кеңес берген. “Шынымен алатын болсаң, осы нөмірге ақшаңды тездетіп салып жібер”, – деп бастырмалатады. Балам болса телефон қолында, төбесі көкке сәл жетпей тұр. Ойында ештеңе жоқ, мамасына айтып, ақшаны аударып жіберген», – дейді ол.

Журналистің айтуынша, сол мезетте барлық хаттар өшіп, екеуінде де алаяқтың нөмірі бұғатталады. Кейін ақша жіберілген адамға хабарласқанда, ол өзінің картасын әлдебіреудің өтініп сұрап алып, ақшаны шешіп алғанын айтады. Осылайша ортада дроппер болған адам алаяқтық схеманың қатысушысы екенін сезбей қалған.

Жәбірленушілер киберполицияға арыз жазған. Енді дроппер ақшаны арбаушыға алып бергенін білсе де, білмесе де жауапкершілік арқалауы әбден мүмкін.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков алаяқтық схеманың абайсызда қатысушысы болып кеткен адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуі өте қиынға соғатынын айтты. Ол заңды білмеу – ешкімді жауапкершіліктен құтқармайтынын атап өтті.

Осыған ұқсас оқиға Шымкент қаласында болды. Алаяқ өзін «Ұлттық банктің маманы» ретінде таныстырып, 61 жастағы зейнеткер әйелдің 2 миллион теңгесін дропперлік есепшот арқылы әп-сәтте қолды қылған. Әйел полицияға шағымданған соң, ісі сотқа жетті. Бірақ қылмыстың басында тұрған тұлға ұсталмай, оған ақша аударып жіберген дроппер шығынды өтейтін болды. Өйткені ол ақшаның шығу тегін анықтауға тырыспаған. Оның ақшаға билік ету жөніндегі әрекеті сотпен алынған қаражатты өз бетінше пайдалану деп бағаланды.

Заңгердің сөзінше, алаяқтар көбіне шетелде отырып, адамдарды өз құрығына түсіріп, ақшаны жергілікті дропперлер арқылы алады. Себебі шетелдік шотты көрсету күмән тудыруы мүмкін екенін жақсы біледі. Ал дропперлер арқылы түскен қаржыны түрлі платформаларға кіргізіп, жылыстатады. Мысалы, криптовалюта платформаларына: Binance, OKX секілді жүйелерге аударып, қаржының ізін жасырады.

«Кәсіби дропперлер көбіне жарнама арқылы осындай әрекеттерге тартылады. Кейбіреулер өз атынан банк картасын ашып беріп, пайдакүнемдікпен дроппер атанады. Алайда кейін бұл әрекеттің шынайы қылмысқа қатысы бар-жоғын дәлелдеу өте қиынға соғады. Тіпті адам өз ісінің заңсыз екенін білмей қалса да, заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Себебі заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды.  Алаяқтардың құрбанына айналып, дроппер болғандар тергеу барысында куә ретінде жауапқа шақырылады. Іске нақты қатысы анықталып, процессуалдық шешім шығарылады. Ақшаны алғаш рет аударып тұрса да, бірнеше рет аударып тұрса да, заң жүзінде жауапкершілікке тартылады. Егер ақша түскен бойда полицияға жүгінсе – құба-құп. Ал егер ақша аударылып, одан 1–5% болса да пайда көрген соң ғана полицияға барса немесе одан бұрын жәбірленуші арыз түсіріп үлгерсе, киберқылмыспен айналысатын мамандар адамның өзіне шығып, жауапқа тарта алады. Мысалы, көршілес Беларусь елінде біреуге өз картаңызды пайдалануға бергеніңіз үшін айыппұл қарастырылған. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай нақты норма жоқ. «Үстіне 2 пайыз қосып берем», «салықты өзім төлеймін» деген секілді уәделерге алданып, картаңызды басқа біреуге беруге болмайды», – деді ол.

Заңгердің сөзінше, мұндай қулыққа көбіне онлайн дүкені бар кәсіпкерлер түсіп қалып жатады.

«Егер интернет дүкеніңіз болса, аз ғана пайыз табыс көремін деп жүргенде, бейтаныс адамдар миллиондаған транзакция жүргізіп тастауы мүмкін. Соңында барлық салықты да, айыппұлды да өзіңіз төлейсіз. Ақшаны да өз қалтаңыздан қайтарасыз. Сондықтан ешкімге, тіпті танысыңызға да банк шотыңызды пайдалануға бермеңіз. Танысыңыздың өзі де алдап, түрлі алаяқтық схемаларға араластырып жіберуі мүмкін. Тіпті банк, полиция немесе прокуратура деп хабарласса да, шотыңызды, жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Себебі бұл органдар сізден телефон арқылы құпия ақпарат сұрамайды. Құпия деректерді жасырын ұстаңыз. Жеңіл ақшаға қызықпаңыз. “Еңбексіз келген мал – қолдағы еріген мұз” деген даналықты әрдайым есте сақтаңыз», – деп ескертті Нұрсұлтан Орынбеков.

Еске салсақ, таяуда Қазақстанда дропперлікке қарсы заңнамаға нақты толықтырулар еніп, оған президент қол қойды. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, егер азамат басқа біреудің алаяқтық әрекетіне қасақана немесе білместікпен қатысып, өз шотын пайдалануға рұқсат берсе, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дропперге ірі айыппұл салынып, 1 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазақстанда дропперлік алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің біріне айналды. Көп жағдайда адамдар өздерінің қылмыстық әрекетке қатысқанын білмей қалады. Алайда нақты заңда жазылғандай, шотыңызды басқаға пайдалануға берсеңіз, жауапкершіліктен құтылмайсыз. Дропперлерге қарсы қатаң заң қабылданды. Сондықтан кез келген адам өз деректеріне, банк шотына мұқият болуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары