Өскеменде өзенге ағып кете жаздаған ана мен баланы құтқарған сәттің видеосы жарияланды
Қазіргі уақытта анасы мен қызының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ

Өскеменде полицейлер өзенге ағып кете жаздаған ана мен баланы құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhyh Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
17 шілде күні сағат 14:20 шамасында "102" жедел арнасына Өскемен қаласының тұрғыны Үлбі өзені маңында танысы кішкентай қызымен бірге суға түскенін және оларды қатты ағыс алып кеткенін хабарлаған.
Дабыл туралы ақпаратқа жедел әрекет еткен кезекші көмекшісі Олжас Оразов болды. Ол жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына хабар беріп қана қоймай, нақты координаттар бойынша оларды бағыттап отырды.
«Осы үйлесімді іс-қимылдың арқасында оқиға орнына патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов басқарған №9 экипаж шұғыл жетті», - дейді полицейлер.
Бұл уақытта рациядан хабарды естіген Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Сұңғат Сейілжанов та жақын маңда болып, өз бетімен өзенге жеткен. Ол бірінші болып келіп, бірден суға секірді.
«Сол сәтте анасы мен баласын ағыс едәуір қашықтыққа алып кеткен еді, алайда офицер оларға жетіп, судың бетінде ұстап тұра алды. Көп ұзамай қарама-қарсы жағадан жеткен Мұхамеджанов көмекке қосылды», - деп жазылған хабарламада.
Алайда қатты ағыс салдарынан өз бетінше жағаға шығу мүмкін болмады. Полицейлер құтқарушылардың қайықпен келуін күтті.
«Үйлесімді іс-әрекет пен жедел шешім қабылдаудың арқасында полицейлер қайғылы жағдайды болдырмады», - дейді тәртіп сақшылары.
Қазіргі уақытта анасы мен қызының өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.