Астанада базардан өрт шықты (ВИДЕО)
Өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, жалын бүкіл ғимарат аумағына тарап кеткен

Астанада Алаш тас жолының бойындағы үш қабатты ғимараттардың бірінен өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды.
«Алғашқы бөлімшелер келген кезде өрт өршіп, қабатаралық жабын ішінара құлаған. Өрт сөндіру жұмыстарын жоғары өрт жүктемесі және қою түтін қиындатты», - деп жазылған хабарламада.
Өртті сөндіру үшін су оқпандары берілді, биік техникалар жұмылдырылды.
«Өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, өрт бүкіл ғимарат аумағына тарап, үлкен көлемде өршіді. Оған көп көлемде жанғыш заттардың болуы себеп болды», - дейді құтқарушылар.
Астана қаласы ТЖД, ЖАО 100 қызметкері және шамамен 60 бірлік техникасы жұмылдырылды. Су үздіксіз беріліп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат 112-ге түскен жоқ.
Кейінірек ТЖМ базардағы өрт оқшауланғанын хабарлады. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.