«Мал терісіне баж салығы алып тасталды»: депутат бір жылғы жұмысы туралы айтты
Аманжол Әлтай парламентте көтерген біраз мәселе оң шешімін тапты дейді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай парламентте көтерген мәселелер шешілгенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, көтерілген мәселелердің барлығы толық шешімін таппаса да, бірқатар маңызды мәселе оң шешімін тапқан.
«Бұл сессия барысында жолдаған депутаттық сауалдарымыздың біразы шешілді. Мен аграрлық комитетте жұмыс істейтіндіктен, ауыл шаруашылығы саласындағы біраз түйткілді көтердім. Солардың бірі – ауылдағы шіріп жатқан жүн мен тері мәселесі. Екі жыл бойы жүйелі түрде осы мәселені көтерген соң, теріні экспортқа шығаруға қойылған баж салығы алып тасталды. Бұл шешімде менің үлесім бар деп ойлаймын», – деді депутат.
Сонымен қатар, Аманжол Әлтай қой шаруашылығын дамытуға қатысты да жаңалығын бөлісті.
«Ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды қадамның бірі - Қазақстандағы қылшықты және жартылай қылшықты қойлардың жүнін өңдеуге субсидия беру шаруасы біржақты болады», – деп атап өтті ол.
Аманжол Әлтай өзінің сайлау округі – Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесіп, сайлаушылар аманаттаған мәселелердің орындалу барысы туралы есеп беретінін жеткізді.
«Былтырғы кездесулерде сайлаушыларымыз бізге біраз мәселені аманаттап тапсырған болатын. Енді бір жылдың ішінде олардың қалай шешілгенін, қайсысы әлі шешімін таппағанын халыққа баяндаймыз. Әріптесім Ерболат Сатыбалдинмен бірге жол мен су мәселелерін шешу бағытында біраз жұмыс атқардық. Қазір бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр», – деді депутат.
Депутат жазғы каникул кезінде ел ішінде демалуды жоспарлап отыр.
«Алтайға, Алакөлге барсам деп отырмын. Баянауыл, Көкшетау сияқты еліміздің керемет жерлерінде демалуды ойлап отырмын», – деді ол.