Қазақстан мен Индонезия арасында тұтқын алмасу туралы құжат жоқ - СІМ мәліметі
Қазір Индонезияға сұрау жолданбақ

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда заң бұзып, ұсталған екі қазақ туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанның екі азаматы Индонезия заңын бұзып, ұсталды. Оларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл ақпаратты Индонезия тарапы біздің елшілікке ресми түрде растады», – деді Бақаев.
Оның айтуынша, бұл - Қазақстан азаматтарының Индонезияда заң бұзып, ұсталуына қатысты алғашқы оқиға.
«Екі ел арасында ұсталған күдіктілерді алмасу туралы келісім әзірге жоқ. 2014 жылдан бері бұл мәселе талқыланып келді, бірақ осындай оқиға болмағандықтан, мұндай құжатты жасау қажеттілігі туындамаған еді. Дегенмен, біз Индонезияға ресми сауал жолдауға мүдделіміз. Егер жауап алсақ, екіжақты келіссөздер форматы жалғасады», – деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол ұсталған азаматтардың Индонезиядағы Қазақстан елшілігімен байланысқа шықпағанын айтты.
«Оларға қорғаушы берілген. Шетелде ұсталған жағдайда ең алдымен консул шақыртылады. Егер олар біздің консулымызбен сөйлескісі келсе, азаматтар өздері хабарласады. Сол кезде консул барып, көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта байланыс болмаған», – деді Бақаев.
Еске салайық, Индонезияда екі қазақ есірткі тасымалдаймын деп ұсталған болатын. Ол елде есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған.