«500 тонна су жұмсалды»: Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті әлі сөндіре алмай жатыр (ФОТО)
130 адам екі күннен бері тілсіз жаумен күресіп жатыр

Кешелі бері облыстық ТЖД мамандары қоқыс полигонына жерден және әуеден 500 тоннадан астам су сепкен. Алайда, одан әлі нәтиже шыққан жоқ, қою қара түтін бірнеше шақырым аумаққа жайылып кетті.
Қоқыс полигонының аумағы 38 гектар. Тілсіз жау полигон аумағының сыртына шығып, дала өртіне ұласты.
Өртті сөндіруге МИ-8 тікұшағы да көмекке келген. Әуе техникасы полигон үстімен 33 рет ұшып, 99 тонна су төкті.
«Су 3 шақырым қашықтықта орналасқан «Төменгі Терең Қара» су қоймасынан тасымалдануда. Өрт сөндіруге барлығы 130 адам мен 26 техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, Алматы облысы ТЖД – 71 адам мен 10 техника, Іле ауданы әкімшілігінен – 27 адам мен 5 су тасушы техника, 3 тиегіш, 3 самосвал, 1 трактор, «АДК Таза Әлем» ЖШС – 30 қызметкер және 2 бульдозер, 1 экскаватор, «Алатау-құс» құс фабрикасы – 2 адам және 1 өрт сөндіру техникасы», - деді Алматы облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ басшысы Данияр Ысқақов.
Мамандар суға бой бермей жатқан өртті енді топырақ арқылы өшіріп көреді. Өртеніп жатқан қоқыс алаңы ылғалды топырақпен көміледі.
Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Полигонда 30-дан астам жұмысшысы бар «АДК Таза Әлем» ЖШС қоқыс өңдеп, пластик құтыларды терумен айналысады. Төгілетін 1 текше метр қоқыс үшін полигон қожайыны көлік иелерінен 600 теңге ақы алады.
Қою түтін Алматы-Қапшағай ақылы автожолын жауып қалғандықтан, жаппай көлік апаты орын алған еді.
«Іле аудандық ауруханасына 7 адам түскен. 1 адам өзі келсе, 6 жолаушы жедел жәрдем көлігі арқылы ауруханаға жеткізілді. Олардың бәрі кеше қою түтін салдарынан апатқа ұшыраған көліктердің жолаушылары. 1 науқас бас миы жарақатымен травматология бөліміне жатқызылды. Қалғандары дәрігерлік тексеруден кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді», - деді Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы