$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2020, 16:02
Оқиғалар

«Ол азартник»: Алматыда таэквондошы кәсіпкер қызға бір жыл бойы жәбір көрсетіп келген

Ол қыздың 3 млн теңгесі мен ұялы телефонын құмар ойынға жұмсаған көрінеді

«Ол азартник»: Алматыда таэквондошы кәсіпкер қызға бір жыл бойы жәбір көрсетіп келген
Коллаж: Жанар Жумабекова

Алматыда бойжеткенді соққыға жығып, күш көрсеткен азаматқа қатысты тергеу басталды. Қазір бұл іспен Алмалы аудандық Полиция басқармасы айналысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кеше түні  Instagram желісіне @aidinovnab деген атпен тіркелген жазылушы өзінің көгерген көздері мен денесінде соққының іздері бейнеленген фотосуреттерін жариялаған болатын. Жәбірленуші өз жазбасында Ержан Әбілхас есімді азамат өзін ылғи соққыға жығатынан және ақшасын тарып алатынын жазған. 

«Мен бұдан былай төзе алмаймын. Бір жылдан бері мені бір жігіт ұрып-соғып, ақшамды алып алады, телефонымды тартып алады, өлтіремін деп қорқытады...», - деп жазған қыз көпшіліктен көмек сұраған.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жәбірленушінің 10.06.2020 жылы арыз жазғанын растады. Қазір тәртіп сақшылары істің анық-қанығын зерделеп жатыр. Кінәлі тарапты анықтау үшін кешенді іс-шаралар қолға алынды.

«Арызданушының айтуынша, ол жігіт қыздың қолындағы телефонын тартып алып, ломбардқа өткізген. ҚК 389-бабы бойынша іс қозғалды. Жігіт 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Азаматшаның әлеуметтік желіде пайда болған жазбалары мен фотосуреттерін зерттеп, сот медициналық сараптама жасалады. Арызда көрсетілген оның бұрынғы танысы полицияға жеткізіліп, түсінік беріп жатыр», - дейді ПД Ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген Ботагөз Айдынқызы алты айдан бері таэквондо шебері, спортшы Ержан Әбілхас есімді азаматтан жәбір көріп, бірнеше рет полицияға шағымданғанын айтты. Кездейсоқ танысқан жастар бірнеше ай кездескен соң араларында түсініспеушілік басталған.

«Мен РОВД-ға (аудандық полиция басқармасы - авт.) қаншама рет бардым, қайтарып жіберді. Жарақаттарыммен барған кезім де болған.  Ол кезде азаматтық-құқықтық жолмен шешіңіз деді. Сол себепті, мен кеше осы қолымдағы бар суретпен Инстаграмға  пост жаздым. Бұл бет-аузымның көгергені биыл қаңтар айындағы сурет. Ұрып тастады, содан соң қасымнан шықпай, менің полицияға шағымданбауымды қадағалап, осы жарақат іздері кеткеше қасымда болды. Мен ақпан айында Наурызбай ауданы полициясына арыз жазу үшін бардым. Ақшаңды да, ештеңені өндіре алмайсың деді. Қолымда қолхат жоқ екені айтты», - дейді бойжеткен.

Дегенмен, жәбірленуші жігітпен қайтадан сөйлесіп жүрген. Оның аты-жөні Ержан Бауыржанұлы Әбілхас екенін айтты. Таэквондошы. Қазір «Алатау» спорт кешенінде жұмыс істейді. Жаттықтарушы, методист, меңгеруші көрінеді.

«Бүгін мен телефонымды алып қойғаны үшін арыз жаздым. Сот басталғанша оны уақытша босатып жіберді. Біз ол адамммен тұрмағанбыз. Бір жыл бұрын көшеде танысқан едік . Кейін мен оның отбасы бар екенін білдім де, сөйлесуге қарсы болдым. Сол кезден бастап ұру, қорқыту басталды. Телефонымды тартып алады, ол азартник. Осы күнге дейін 3 млн теңгемді алды, картамнан шешіп алады, кассамнан алады. Менің косметика сататын жеке дүкенім бар», - деді Ботагөз Айдынқызы.

Ержан Бауыржанұлы Әбілқас деген азаматтың спортшы екенін, таэквондодан әлемдік деңгейде жетістіктерге жеткенін Алматыдағы Амалбек Тшанов басқаратын Республикалық спорт колледжінің ұжымы да растады. Директордың спорт жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Жолмұрзаев жоғарыда аты аталған азаматтың бұл оқу орнын 2014 жылы бітіргенін айтты.

Суретте: Нұрсұлтан Жолмұрзаев, Республикалық спорт колледжінің спорт жөніндегі орынбасары

«Ержан Әбілхас Республикалық спорт колледжін 2014 жылы бітірген. Бірақ бұл жерде жұмыс істеген жоқ. Біздегі бар ақпарат бойынша таэквондо спортынан ұлттық құраманың жаттықтырушысы болған. Азиада, әлемде чемпиондық атақтарға қол жеткізген. Бізде ондай жат қылықтар көрсеткен емес. Тек жақсы жағынан сипаттаймыз», - дейді директордың орынбасары.

Белгілі адвокат Айман Омарова әлеуметтік желіде жарияланған қыздың жазбасында зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын тиісті медициналық сараптама ғана анықтайтынан айтады. Егер бұл отбасылық зорлық-зомбылық болса, күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Адвокаттың айтуынша, тараптар бірге тұрмайтын адамдар болса, қылмыстық құрамы анықталып, Кодекстің үш бірдей бабымен іс қозғауға болады.  

«Сот сараптамасына байланысты қылмыстық құрамы белгілі болады. Күту керек. Жарақатының қандай дәрежеде екенін анықтау керек. Қыздың сөзіне қарағанда, бір жыл бойы көніп, төзімділік танытқан сияқты. Ал егер фотосуреттегідей зорлық белгілері анықталса, ҚР ҚК  106-бабы,  денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша күдікті үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады. Егер 110-бап бойынша тергелсе, адамды қинау, ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату болап саналады. Оның жазасы 1 мың АЕК немесе 2 жылға бас бостандығын шектеу», - деді Айман Омарова.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары