Алматы-Қапшағай тас жолы жабылды
Тас жолдың бойында қоқыс полигонынан өрт шығып, 8 көлік соқтығысып қалды

Алматы-Қапшағай тас жолының бойында қоқыс полигонынан шыққан қою түтін жолды жауып қалған. Соның салдарынан бір сәтте 8 көлік соқтығысып, 3 адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
10 маусым күні шамамен түскі сағат 14:30-15:00 аралығында Алматы-Қапшағай автожолының 34-шақырымында қоқыс тастайтын жерде өрт басталды. Өрт себептері анықталып жатыр.
«Оқыс оқиға туралы ақпарат бірден өрт сөндіру қызметіне жолданды. Өрт кесірінен Алматы-Қапшағай автожолында 8 автокөлік соқтығысып қалды. Үш адам жарақат алып, 1 адам ауыр халде жатыр. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі, жол полициясы мен жедел жәрдем қызметі барды. Жол полиция қызметкерлері түтінге байланысты екі бағытта да көлік қозғалысына уақытша шектеу қойды», - деді «QazAvtoJol» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Маржан Ордабай.
Оның айтуынша, қазіргі сәтте жағдай әлі де күрделі.
Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті полиция бірге қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қоқыс полигонынан шыққан өрт әлі сөндірілмегендіктен, ақылы автожолдың қашан ашылатыны белгісіз.