Алматы облысында саяхатшыларды тонаған күдіктілер ұсталды
Тонаушыларға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін

9 маусымында Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасының Шелек полиция бөлімінің кезекші бөліміне 47 және 20 жастағы Алматы қаласының саяхатшыларынан шағым түскен. Айтуларынша, олар Шарын шатқалының сұлулығын көру үшін велосипедпен кетіп бара жатқанда белгісіз екі адам шабуыл жасаған. Оқиға Қазақстан ауылы маңындағы Алматы – Көкпек – Көктал автожолының 76 шақырымында болған.
Жәбірленушілердің бірінен 13 мың теңге алып, екіншісін соққыға жығып, тізесін жарақаттаған. Осы жағдайға байланысты аталмыш екі азаматтың саяхаты аяқсыз қалған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары бойынша тіркелді.
Шағым түскен соң полиция қызметкерлері тез арада іздеуге кірісіп, Бәйдібек би ауылының 27 және 30 жастағы екі тұрғынын ұстады. Олар ұсынылған дәлелдемелерден кейін кінәсін толық мойындап, уақытша қамаққа алынды.
«Сотқа дейінгі тергеу Шелек полиция бөлімінің тәжірибелі тергеушісіне тапсырылды, ол бір тәулік ішінде сараптама тағайындап, барлық тергеу әрекеттерін жүргізді. Ұсталғандардың мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», - деп атап өтті Еңбекшіқазақ АПБ Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары Дидар Базарбаев.