«Қайта тірілгендеймін». Кәріз құдығында уланған жігіт ХҚО қызметкеріне алғысын айтты
Алматыда кәріз құдығында уланған екінші азамат әлі ауруханада жатыр

1 маусымда Алматыдағы кәріз құдығына түскен екі азамат газдан уланып, есінен танып қалған жұмысшылар ауруханаға жеткізілді. Сол кезде ТЖ қызметкерлерінің келуін күтпестен құдыққа түсіп, тағы бір азаматтың көмегімен жұмысшыларды сыртқа шығарған Ержан Әбдіразақов есімді ХҚО маманы болатын.
8 маусымда «Алматы Су» АҚ-ның кәріз жүйесіндегі газ буымен уланған қызметкерлерінің бірі ауруханадан шығарылды. Өлім аузынан аман қалған 25 жастағы Нұржан Қалыбайды шығарып алуға ХҚО қызметкері Ержан Әбдіразақов та барды. .
«Нұржанды ауруханадан шығарып алушылар қатарында оны құтқарып қалған, ХҚО қызметкері Ержан Әбдіразақов та болды. Ол бұған дейін де жігіттердің халін біліп, ауруханаға барып тұрды. Жансақтау бөлімінде жатқан жігіттерге жібермесе де, туыстары, дәрігерлер арқылы жағдайларын біліп отырды. Нұржан аман-есен ауруханадан шыққанда да жанынан табылды. Сын сағатта еш ойланбастан, өз өмірінің қауіп төнгеніне қарамай, жігіттерді құтқаруға ұмтылған Ержан Әбдіразақовтың ісі үлкен ерлік, асқан адамгершілік», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл Әпетова.
Кәріз құдығында уланған екі азамат ауруханаға өте ауыр халде жеткізілді. Зардап шеккен екінші азамат - Асқар Қайназаров әлі ауруханада ем алып жатыр. 42 жастағы азамат есін жиған. Бірақ, дәрігерлер оған әлі ауруханадан шығуға болмайтынын айтты.
«Мен ол күнді екінші туған күнім десем болады. Өліп, қайта тірілгендеймін. Сол сәтте Ержан сынды батыл ағамыз болмағанда, о дүниелік болар ма едік. Бізге екінші өмір сыйлаған ағаларыма шын жүректен алғысымды білдіремін», - дейді Нұржан Қалыбай.
Азаматтарға қиын сәтте бірінші болып қол ұшын созған ХҚО маманы Ержан Әбдіразақов Асқардың да тезірек жазылып шыққанын тілейді.
«Азаматтарымыз аман болса екен. Асқардың да тез айығып, қатарға қосылуын тілеймін. Нұржан ауруханадан шыққанда қатты қуандым. Туыстары, әріптестері келіп, бәріміз бірге шығарып алдық. Енді Асқарды да осылай қуанышпен шығарып алатын күн алыс емес деп ойлаймын. Бәріміз де оның денсаулығы үшін алаңдап отырмыз», - дейді Ержан.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы