Новости спорта, футбол, КПЛ

«Еш ем алмай, құр жатты»: Коронавирустан қайтыс болған жедел жәрдем жүргізушісінің отбасы өтемақысыз қалды

Мырзахан Сейітқасымов 28 мамыр күні қайтыс болған

«Еш ем алмай, құр жатты»: Коронавирустан қайтыс болған жедел жәрдем жүргізушісінің отбасы өтемақысыз қалды

Коронавирустан көз жұмған жедел жәрдем жүргізушісінің артында қалған отбасы мемлекет тарапынан төленетін өтемақыдан қағылды. Ал марқұмның әйелі 40 күннен астам уақыт инфекциялық ауруханада жатқан күйеуін дұрыс ем алмай, тар бөлмеде қамалып, құр жатты деп отыр.   

Коронавируспен күресте алғы шепте жүріп, қауіпті індетті жұқтырып алған Мырзахан Сейітқасымов 28 мамыр күні қайтыс болған еді. Алайда, ақ халаттылар оның өлімінің негізгі себебін коронавирустан емес, өкпедегі тамырдың жарылуынан деп көрсеткен. Бұл анықтама марқұмның артында қалған отбасын өтемақыдан айыруға себеп болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

«Білдей азамат, біреудің асыраушысы, екі қыздың әкесі қайтыс болып отыр. Вирусты жұмыс орнында, ауруханада жүріп жұқтырды. Жұмыс істемегенде, өлмес пе еді? Енді ешкім жауап бергісі келмейді. Жедел жәрдемнің бастығы келіп күйеуімді коронавирустан қайтыс болған жоқ деген. Ал дәрігер болса жолдасымың өлімі COVID-19 індетінен болғанын айтты», - деді марқұмның жесірі Гүлнұр Уәлиханова.    

44 жастағы Мырзахан Сейітқасымов коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүріп, өзі де қауіпті індеттің құрбаны болды. Оның артында қалған отбасы Жұқпалы аурулар ауруханасының табалдырығын бір аптадан бері тоздырып жүр. Мақсаттары  марқұмның ауру тарихы жазылған медициналық құжаттарын алып, қандай ем қабылдағанын түсіну. Бірақ қанша тырысқанмен, оны білу мүмкін болмады дейді марқұмның жақындары.

Сейітқасымов науқаспен байланыста болған адам ретінде 12 сәуір күні ауруханаға жатқызылған. Кейін оның COVID-19 вирусына тапсырған сынағы оң нәтиже көрсетіп, ауруханада қырық күннен астам уақыт жатады. Алайда, ол еш ем алмай, тар бөлмеде қамалып құр жатты дейді марқұмның жесірі Гүлнұр Уәлиханова.

Бұрын пневмониясы болған. Оған система салып, ем қабылдаған. Ол жазылғаннан кейін коронавирусқа қарсы ешқандай ем қабылдамаған. «Тек жатырмын. Дәрігерлер күніне бір рет келсе келді, келмесе, ол да жоқ. Коронавирусқа қарсы ешқандай ем қабылдап жатқан жоқпын» деді. Бір бөлмеден шығармайды екен. Босқа жатты. Енді адам қамалып, текке жата берген соң күйзеліске түседі ғой. Дәрігерлер жолдасыма «Ағза вирусқа қарсы өзі күресуі керек» деп айтқан. Маған да солай деп түсіндірді», - деді Гүлнұр Уәлиханова

Марқұм 27 мамыр күні коронавирусқа қарсы сынақ өткізуге дайындалып жатқанын және нәтижесі теріс болса, бір күннен соң үйіне оралатынын айтып отбасына хат жібереді. Алайда, бұл Мырзаханның соңғы хаты екенін оның жақындары білмеді. 28 мамыр күні түнде жедел жәрдем жүргізушісі ауруханада қайтыс болады. Қауіпті індетті жұқтырғандықтан туыстары марқұмды соңғы сапарға да шығарып сала алмаған. Жүргізушінің мәйіті коронавирус құрбандарына арналған Қаройдағы зиратқа жерленген. Қайтыс болу туралы куәлігіне де дәрігерлер жедел жәрдем жүргізушісінің өліміне өкпе артериясының эмболиясы мен коронавирустың себеп болғанын жазған.

«Өлімнің себебі - өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Екінші себебі коронавирус делінген. Мен дәрігер емеспін, бірақ, вирус тромбоэмболияны тудырды деп ойлаймын. Бұны бәрі біледі», - деді  марқұм М.Сейітқасымовтың  әпкесі  Ақмарал Исмаилова.

Өлімнің негізгі себебі коронавирус деп көрсетілмегендіктен, медициналық мекеменің жүргізушісі аталмыш індеттен қайтыс болғандар тізіміне енгізілмеген. Алайда, мүрдесі COVID-19 құрбандарына арналған зиратқа жерленеді. Ал артында қалған отбасы анықтамаға бола 10 миллион теңге көлемінде өтемақы алу мүмкіндігінен айырылды. Асыраушысыз қалған отбасы қазір бұл ақшаға аса мұқтаж. Өйткені, 8 және 10 жастағы қыздары жетім қалды.Үлкен қыз сирек кездесетін ауруға шалдыққан, жүрегіне трансплантация жасау қажет.

«Бізге бұл ақша керек. Оның отбасына, кішкентай балаларына қажет. Әкесіз қалған қыздың жүрегін емдеуге жұмсалар еді. Шекара асып, жақсы ем алуына мүмкіндік берер еді», - дейді Ақмарал Исмаилова.

Марқұмның отбасы алдағы уақытта өтемақыны алып қалуы да мүмкін. Журналистер араласқаннан кейін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы олармен жеке кездесу өткізді.

«Комиссия шешім қабылдады, өлімнің неден орын алғанына байланысты негізгі диагноз қойылды. Бірақ мен отбасының жағдайын ескере отырып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде комиссия құруға шешім қабылдадым және бұл істі тағы бір рет қараймыз. Ары қарай өз шешімімізді шығарамыз, яғни марқұмның туыстары айтқан өтемақы мәселесін де қарастырамыз», - деді басқарма басшысы Камалжан  Надыров.

Алайда, басқарма басшысы істі нақты қанша уақыт аралығында қарап, анықтайтыны туралы ашып айтпады. Десе де, шұғыл түрде комиссия отырысын өткізуге дайын екендіктерін жеткізді. Камалжан Надыров марқұмның қызын емдетуге де уәде берді. 

«Жолдасым жедел жәрдем қызметінде 6 жылдай жұмыс істеді. Маған дәрігерлер өлімнің коронавирустан болғанын да айтты. Вирус қанды қоюлатып жібереді де, өкпеге қан жетпей қалады екен, COVID-19 өкпені өлтіреді. Құжаттарды қолымызға бермеді. Алыстан күйеуімді табытқа салғанын ғана көрдік. Қоштасуға да рұқсат жоқ екен», - деді жесір қалып, қос қызына көмек ақшаны күтіп жүрген Гұлнұр Уәлиханова.

Azattyq Rýhy ақпараттық порталының тілшілері жағдайды алдағы уақытта да бақылауда ұстайды. Жалпы, Алматыдағы жедел жәрдем қызметінің 60 қызметкері COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.