Құлсарыдағы алапат жарылыс: депутат жанармай құю станциясының былығын әшкере етті
Тұрғановтың айтуынша, «Ниет» станциясы заңсыз жұмыс істеген

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің атына сауал жолдаған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Құлсарыда болған алапат апаттың себебін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ниет» станциясы заңсыз жұмыс істеген
Айта кетейік, 2025 жылдың 30 маусымы күні кешқұрым Құлсары қаласындағы жанармай құю станциясы жарылып, арты үлкен өртке ұласқан еді. Депутаттың айтуынша, станция заңсыз жұмыс істеді деген деректер айтылған.
«Өздеріңізге мәлім, жақында Атырау облысы Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю станциясында қуатты жарылыс болып, салдарынан екі адам қаза тауып, 14 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Маған түскен мәлімет бойынша, бұл станция тиісті құжаттарсыз жұмыс істеген, яғни заңсыз», - дейді Тұрғанов.
Яғни, депутат атап өткендей, бұл оқиға жанармай құю станцияларында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып отыр.
«Әсіресе эвакуация және апаттық жағдайларды жою жоспарларының болмауы, дабыл беру жүйелерінің, өрт сөндіру құралдарының, қауіпсіздік шаралары мен бейнебақылау жүйелерінің жоқтығы алаңдатады. Осындай фактілер мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін және тексеріс тек формальды болатынын көрсетіп отыр», - дейді ол.
Қазақстанда 3400 жанармай бекеті бар
Депутат жария еткен деректерге сүйенсек, қазір елімізде шамамен 3400 жанармай құю станциясы жұмыс істеп тұр. Тұрғанов соңғы жылдары олардың саны көбейіп жатыр деген болжамды да жоққа шығарған жоқ. Депутат оларға қойылатын талаптарды түгендеп шықты.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес: қалалық жанармай құю станцияларында мұнай өнімдерін сақтау көлемі 100 текше метрден аспауы тиіс, ал қаладан тыс жерлерде – 150 текше метрге дейін рұқсат беріледі. Жанармай арнайы жер асты резервуарларда сақталуы тиіс, ал резервуарлық парктер найзағайдан қорғау жүйесімен және басқа да қауіпсіздік құралдарымен жабдықталуы қажет», - дейді депутат.
«Сақтықта қорлық жоқ»
Осылай деген депутат төтенше жағдайлар министрінен Құлсарыдағы апат бойынша есеп сұрады. Одан өзге ол:
- Еліміздің аумағындағы барлық жанармай құю станцияларында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына байланысты жоспардан тыс кешенді тексеріс жүргізу.
- Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю станциясында болған жарылыстың себептеріне ресми құқықтық және техникалық баға беру, сондай-ақ алдын ала тергеу нәтижелері бойынша ақпарат ұсыну.
- Жанармай құю станцияларында қауіпсіздік нормаларының сақталуын бақылауды күшейту шараларын қабылдау.
- Соңғы үш жылдағы жанармай құю станцияларында анықталған заңбұзушылықтар бойынша өңірлік бөліністе ақпарат беру.
- Жанармай сақтау және сату нысандарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нормативтік және заңнамалық бастамаларды әзірлеу немесе жоспарлау туралы ақпарат ұсыну туралы мәселе көтерді.