«Ана мен баланың өміріне жауапты мамандар аз»: депутат акушерлерді қолдап, пост жазды
Асхат Аймағамбетов мамандықтың тартымдылығын арттыру керек дейді

Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, медицина саласындағы маңызды мамандықтардың бірі – акушер-гинекологтар.
«Олар - бірден екі адамның өміріне жауапты. Жұмысы ананың алғашқы толғағымен басталып, сәбидің алғашқы жылауымен аяқталады. Бұл - акушер-гинеколог мамандығы. Осы аптада дәрігер деген ерекше мамандық иелерінің кәсіби мерекесі аталып өтпек», - деді депутат.
Аймағамбетов ана мен бала денсаулығын сақтауға бар күшін салып жүрген мамандарға алғыс білдірді. Ол жақында Мәжіліс Комитетінің Атырау облысына жасаған сапары кезінде осы мәселелерге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
Соңғы жылдары салада оң динамика байқалады:
- Ана өлімі 7,6 есе,
- Нәресте өлімі 5 есе азайған.
Бұл – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясат пен дәрігерлердің қажырлы еңбегінің нақты нәтижесі. Алайда мәселе шешілді деуге болмайды. Қазіргі таңда елімізде акушер-гинеколог мамандар жетіспейді, шамамен 400 маман қажет. Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің тек 25%-ы ғана толыққанды операция жасай алады. Осыған байланысты, бұл мамандықтың тартымдылығын арттырып, жас түлектерді ынталандыру бағытында жұмыстар күшейтілуі тиіс.
Асхат Аймағамбетов Атырау облысында қолға алынған өңірлік бағдарламаны ерекше атап өтті. Аталған бастама акушер-гинекологтарды қолдауға нақты серпін беріп отыр:
- «Отбасы банкі» арқылы 5% мөлшерлемемен ипотека ұсынылады,
- Қалаға барған дәрігерге – 5 млн теңге,
- Ауылға барған дәрігерге – 10 млн теңге көлемінде көтерме ақы беріледі.
Сонымен қатар, былтыр қабылданған арнайы заң аясында ауылға барған кез келген дәрігер 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем ала алады. Бұл шаралар өз нәтижесін бере бастады – дәрігерлер ауылдарға бет бұрып, жергілікті халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге кірісуде.
«Атырау облысының бастамасы – өзге өңірлерге үлгі. Осы секілді нақты қолдау шаралары арқылы біз ана мен бала денсаулығын сақтап қана қоймай, еліміздегі медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтере аламыз», – деді Асхат Аймағамбетов.