«Жақсы көретінімді айтамын»: баласын 20 жыл көрмеген актрисаның сахнада көңілі толқыды
Ол «Алтын ханым» жобасына қатысқан еді

Опера әншісі, актриса Әйгерім Шәріпбек 20 жылдан бері көрмеген ұлына сахнада тұрып үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Актриса жақында продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған «Алтын ханым» жобасына қатысқан болатын.
«Өмірімдегі үлкен трагедия – 20 жыл баламды көрмеуім. Ұлыммен кездескенде мен оған жақсы көретінімді айтамын, бүкіл отбасының оны күтіп жүргенін айтамын. Біз жақында кездесеміз деп үміттенемін. Маған көп адам тілекші болды, дұғаларыңызға рахмет. Алланың құлағына шалынсын», - деді ол толқып.
Опера әншісі Әйгерім Шәріпбектің тұңғыш ұлын экс-күйеуі Америкаға алып қашып кеткен
Бұған дейін актриса өміріндегі ең ауыр жағдай туралы айтқан еді. Әйгерім Шәріпбектің бұрынғы күйеуі ортақ некесінен туған тұңғыш баласы Айбекті балабақшада жүрген жерінен ұрлап, Америкаға алып кеткен. Содан бері келіншек ұлын көрмеген. Ол «Алтын ханым» жобасы арқылы 25 жастағы Айбекке үндеу жасады.
Айта кетейік, Әйгерім Шәріпбек 2016 жылы Вена қаласындағы «Institut für Klavierkunst Vienna» оқу орнының вокал бөлімінде білім алған. Италия, Австрия, Швейцария, Чехияда шеберлік курстарынан өткен. Алғашқы жеке концерті 2018 жылы «Астана Опера» театрында өтіп, Пуччинидің «La Boheme» операсындағы Мюзетта рөлінде дебют жасады.