$ 513.74  569.17  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Айбегімді көрмегеніме 20 жыл болды»: опера әншісі Әйгерім Шәріпбектің тұңғыш ұлын экс-күйеуі Америкаға алып қашып кеткен

Актриса ешкім білмейтін сырын айтып, көзіне жас алды 

«Айбегімді көрмегеніме 20 жыл болды»: опера әншісі Әйгерім Шәріпбектің тұңғыш ұлын экс-күйеуі Америкаға алып қашып кеткен
Фото: tatlerasia.kz

Опера әншісі, кино және театр актрисасы Әйгерім Шәріпбек ешкімге айтпаған сырын ашты. Адам жанын сыздатар қайғысын айтқанда актриса көз жасына ерік берді. Оның бұрынғы күйеуі 20 жыл бұрын тұңғыш ұлын балабақшада жүрген жерінен ұрлап алып, Америкаға қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әйгерім Шәріпбек Алматыда прокурор мен есепшінің отбасында дүниеге келген. Туғаннан талантты қыз 13 жасында «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сараның рөлін сомдайды. Ал опера әлеміне 33 жасында келген.

«Қазақтың бай музыкалық мұрасына сүйіспеншілігім опера өнеріне бастап әкелді», - дейді өзі.

Алайда талай сахнада жарқырап жұлдыз болған, елдің қошеметіне бөленген өнер иесінің ішінде сыздаған жарасы бар.

«Жүрегімде жазылмаған жара, үзілмеген үміт бар. «Алтын ханым» байқауы арқылы 20 жыл көрмеген баламды іздеймін. Балам бес жасқа толғанда бұрынғы күйеуім тартып алып, Америкаға алып кетті. 25-ке толған Айбегімді әлі күнге дейін күтемін. Әрбір орындаған әнім -жүрегімнің айғайы, әрбір сомдаған рөлім - жан-дүниемнің қайғысы. Бұл байқау өнер сайысы ғана емес, мен үшін үмітімнің соңғы жалыны іспеттес», - дейді актриса.

Оны бұрынғы күйеуі 16 жасында алып қашқан. Отбасында 2 ұл дүниеге келеді.

«Маған мектепті бітірмей жатып, 16 жасымда сырға салып қойды. Әкем 18 жасқа толғанда күйеуге беремін деді, бірақ күйеуім сөзінде тұрмай, мені алып қашып кетті. Балалы болғаннан кейін Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсіп, оқуымды бітірдім. Жолдасыммен 6 жыл бірге тұрдық. Сол жылдар мен үшін өте қиын өтті, ара-қатынасымыз нашар болды. Әке-шешем мені алып кетіп, құтқарды. Күйеуіммен ресми ажыраспай тұрып, ол ұлымды балабақшадан алып, қашып кетті. Кейін сот үлкен баламды әкесімен қалады деген шешім шығарды. Кіші балам менімен қалды», - деді Әйгерім Шәріпбек.

Ол қазір ұлының 25 жастағы азамат екенін айтады.

«Мұны көп уақыт бойы жасырып келдім, тек жақындарым ғана білді. Бүгінде балам азамат болды. Қазір өзі шешім қабылдай алады. Менің үнімді естісе екен, көрсе екен деймін. Қиындықты еңсере алатын адамдарға береді дейді ғой, менің көргенімді ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Тұла бойы тұңғышым, егер сен мені естіп отырсаң, анаң сені жақсы көреді», - деді актриса.

Әйгерім Шәріпбектің екінші некесінен екі баласы бар, көпбалалы ана. Продюсер Баян Алагөзованың «Алтын ханым» жобасына қатысып жатыр.

Әйгерім Шәріпбек 2016 жылы Вена қаласындағы «Institut für Klavierkunst Vienna» оқу орнының вокал бөлімінде білім алған. Италия, Австрия, Швейцария, Чехияда шеберлік курстарынан өткен. Алғашқы жеке концерті 2018 жылы «Астана Опера» театрында өтіп, Пуччинидің «La Boheme» операсындағы Мюзетта рөлінде дебют жасады.

Серіктес жаңалықтары