Теміржол өткелінде жол апатын жасаған жүргізуші қашып кетті
Оқиғаға көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзуы себеп болған

Жетісу облысында жеңіл көліктің жүргізушісі теміржол өткелінде жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жүргізушіні полиция іздеп жатыр
«18 мамыр сағат 17:35 Матай стансасындағы темір жол өткелінде «Mitsubishi Pajero» жеңіл көлігі жүк пойызымен соқтығысты», - деп жазды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.
Компанияның мәліметінше жүргізушінің жеке басы анықталып жатыр. Оқиғаға көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзуы себеп болған.
Осыған ұқсас оқиға Қостанайда да болды
Еске сала кетейік, бір апта бұрын Қостанай теміржол станциясында тепловоз бен жеңіл көлік соқтығысты. Оқиға маневрлік жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі теміржол өткелінен өту ережесін бұзған.
«Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ», — делінген ҚТЖ хабарламасында.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы барлық көлік жүргізушілерін теміржол өткелдерінен өту кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.