Журналист Әйкерім Есенәлі басшылық қызметке тағайындалды
Ол өзіне сенім артқан әріптестеріне алғыс айтты

Медиа саласындағы тәжірибелі маман Әйкерім Есенәлі Орда FM радиосының директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл, әрине, үлкен жауапкершілік, әрі сенім. Астана мен Алматыда тыңдарманын тапқан радионы жаңа мүмкіндіктерге жетелеу - алдағы мақсатым. Сенім артқан әріптестер, медиаменеджерлерге алғыс айтқаным орынды болар. Бұл жай ғана жаңа қызмет емес, мен үшін шығармашылық пен жауапкершіліктің жаңа кеңістігі», - деп жазды журналист.
Ол алдағы уақытта Орда fm-де қызықты жобалар мен тың бастамалар болатынына уәде берді.
Әйкерім Есенәлі 2004-2008 жылдары Қорқыт Ата университетінде филология мамандығы бойынша білім алған.
2008-2010 жылдары «Қазақстан» арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында, 2010 жылы «Хабар» агенттігінде редактор-жүргізуші болды. 2010 жылдан бері «Love Radio» радиосында жұмыс істейді.
2013-2014 жылдары «Әйел бақыты» ток-шоуын, 2015 жылы «Қазақстан дауысы» мен «Сәлем, Қазақстан!» жобаларын жүргізді. 2016-2019 жылдары бірнеше телеарнада бас продюсер, жүргізуші, департамент жетекшісі қызметтерін атқарды.
2020 жылы «Егіз-лебіз» мегажобасын, 2022 жылдан бастап «Өмір көркем» бағдарламасын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, Сенат пен стратегиялық институттарда PR және сарапшылық қызметтер атқарған.