$ 506.21  568.42  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада «өлікпен» ойнаған блогер көптің сынына қалды (ВИДЕО)

Ол осылай жарнама жасап жүр 

Астанада «өлікпен» ойнаған блогер көптің сынына қалды (ВИДЕО)
Фото: скрин

Елордадағы ғимараттардың біріндегі лифтіге блогер Араш Гасанов «өлік» кіргізіп, пранк жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода көрініп тұрғандай, лифт ішінде жалғыз жас жігіт тұрған. Блогер мен оның достары лифт ішіне өлген адамның рөліндегі «актерді» көтеріп, кіргізіп тастап кетеді де жарықты өшіріп тастайды. Бір сәтте онсыз да шошып қалған жігіттің жанындағы «өлік» тіріліп кетіп, зәресін алады.

Блогер мұны пранк деп атап, жігітке стоматологияның 30 мыңдық сертификатын ұсынды. Осылайша Араш Гасанов тіс емханасының жарнамасын жасаған.

«Бұл қойылым ғана, бәрі ойластырылған, қайталауға болмайды», - деп сипаттаған ол видеоны.

Блогер Араш Гасанов пранктерінің көбін осылай тұрғындардың ақысын төлеп, пайдаланып отырған мүлкі – лифттерде жасайды. Бір видеосында лифтіде төбелес шығарса, тағы бірінде балтасы бар «киллерді» кіргізіп, елдің зәре-құтын алған.

Желі қолданушылары блогерді қатты сынап жатыр.

«Осы пранк деген бәле болды. Мына баланың жүрегінде ақау болса не болады? Пранк деп адам өлтіресіңдер ме? Адамның зәресін ұшырып берген ақшаларың құрысын», «бұлай болмайды, жүрегі ауыратын болса ше», «мынау не масқара, баланың жүрегі тайды ғой», «қорыққаннан жүрегі тоқтап қалса қайтер едің», деген пікірлер қалдырған.

Еске салсақ, бірнеше жыл бұрын Өзбекстандағы мейрамхананың бірінде пранк жасаған жігіт әкесін өлтіріп алған еді. Ол кенеттен қара мантиямен шыға келіп, әкесін қатты шошытып алған. Ер адамның сол жерде жүрегі ұстап құлап, қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары