$ 519.29  613.28  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Спорттағы шенеуніктердің бірі 4 млн теңге жымқырса, екіншісі 3 млн теңгені қалтаға басқан - Антикор біраз былықтың бетін ашты

Олар бірнеше жылға сотталып кетті 

Спорттағы шенеуніктердің бірі 4 млн теңге жымқырса, екіншісі 3 млн теңгені қалтаға басқан - Антикор біраз былықтың бетін ашты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атырау облысының облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы 4 миллионға жуық бюджет қаражатын жымқырған. Ол № 2 қалалық соттың үкімімен 4 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

21 сәуірде Атырау қаласының соты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Д. Қоспанов пен «Олимпиадалық резервті дайындау орталығы» КММ аға жаттықтырушысы Н. Майлашевқа сот үкімі шықты.

Қоспанов Майлашевке бюджет қаражаты есебінен оқу-жаттығу жиындарына шығуға жәрдемдескені үшін және КММ жаттықтырушыларынан жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақша қаражатын заңсыз жинау жолымен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 1,7 млн теңге сомасында пара алған.

Бұдан басқа, басқарма басшысы КММ-де еңбек қызметін іс жүзінде жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны заңсыз есептеу жолымен 1,1 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Қоспанов 4 жылға, Майлашев 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен бірге сотталғандар мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

Бұған дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты «Жастар» олимпиадалық резервінің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің футболдан басшысы Б. Нұрлановқа қатысты үкім шығарған болатын.

Ол оқу-жаттығу жиындарын жалған өткізу арқылы 3 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Нұрланов мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Антикордың хабаралауынша, жыл басынан бері спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты 18 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жалақы төлеу кезінде айла-шарғы жасау, қымбат тұратын спорттық жабдықтар сатып алу сияқты қылмыстар бар. Аяқталған істер бойынша жалпы белгіленген залал 800 млн теңгеден асты.

Серіктес жаңалықтары