«Ана тілім – қазақ тілі»: Алматыда өскен нигериялық азамат жүрекжарды сөзін жеткізді
Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтіп жатыр

Алматыдағы Африка мәдениеті орталығының төрағасы Дэниел Джеймс өзінің ана тілі – қазақ тілі екенін мақтанышпен айтады. Туған жері Нигерия болғанымен, өскен ортасы қазақ топырағы, сондықтан да ол өзін осы елдің перзенті санайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ана тілім – қазақ тілі. «Ана тілін білмеген - ақыл жоқ желікбас, ана тілін сүймеген - халқын сүйіп жарытпас» деген сөз бар ғой. Қазақтың осы бір ғибратты сөзі менің өмірлік ұстанымыма айналған», - дейді ол.
Дэниелдің айтуынша, Нигерияда ағылшын тілі - негізгі тіл саналады. Ол бұл тілді де еркін меңгерген, десе де, Алматыда ер жетіп, қазақ мектебінде білім алғандықтан, қазақ тілінің жүрегіне жақын екенін жеткізді.
«Қазақша сөйлегенімде көп адам таңырқай қарайды. Көшеде «суретке түсіп алайықшы» деп өтініш айтатындар бар. Оларға «иә, әрине» деп жауап беремін. «Мәссаған, шетелдік бола тұра қазақша сайрайды екен» деп риза болып жатады. Қазақ елі – қонақжай, ақкөңіл халық. Осында келген әрбір жан жатсынбай, өз үйінде жүргендей сезінеді», - дейді Дэниел Джеймс.
Ол қазақ еліне деген алғысын сөзбен емес, іспен жеткізгісі келеді. Дэниел Джеймс мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, көпке үлгі болып, елге деген шынайы құрметін білдіріп жүр.
«Бұл – менің нан жеген жерім, мөлдір суын ішіп өскен Отаным. Оған құрметімді қазақша сөйлеп, мәденитеін сыйлау арқылы білдіріп жүрмін. Қазақстан – түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына жинаған ел. Бәрімізді біріктіретін ортақ құндылық – осы қасиетті тіл» - дейді ол.