Шымкентте 17 жастағы бозбаланы ұрып өлтірген күдіктілер арасында депутаттың туысы болған
Марқұм басынан алған ауыр жарақатынан кейін ауруханада көз жұмған еді

Шымкентте 17 жастағы баланы аяусыз ұрып-соққан бірнеше адамның ішінде жергілікті депутаттың жиені болған, деп жазады «Астана» телеарнасы. Ал полицейлер күдіктілердің туыстары жайлы ақпарат білмейміз деп отыр.
Қылмыстың болғанына бірнеше күн өтсе де, тәртіп сақшылары қылмыстың мән-жайын енді ғана мәлімдеді. Айтуларынша, күдікті ретінде 9 адам ұсталған. Олардың бесеуі қамауға алынса, біреуі іздеуде, қалғандары қолхатпен үйлеріне жіберілген.
Күдіктілердің барлығы дерлік әлі кәмелет жасына толмаған. Енді олар 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Жауапқа облыстық балалар ауруханасының өкілдері де тартылуы мүмкін. Марқұмның туыстары дәрігерлер тиісті көмекті көрсеткен жоқ деп шағымданған.
Еске салайық, Шымкенттегі Маятас шағынауданында 22 мамыр күні оннан астам бозбала 17 жастағы Абзал Өткіровті соққыға жығып, басынан кірпішпен ұрған. Алған ауыр жарақаты салдарынан жасөспірім ауруханада бірнеше күннен кейін қайтыс болды.