Жаңаөзенде мектеп бітіруші түлектердің кортежіне қатысқан жүргізушілер жауапқа тартылды

Кортежге бас-аяғы 16 автокөлік қатысқан

Әлеуметтік желілерде жол ережесін өрескел бұзып, көлік терезесінен басын шығарып, кортеж ұйымдастырғандардың видеосы тарады. Анықталғандай, бұл оқиға Жаңаөзен жолдарының бірінде болған. Мектеп бітіруші түлектер арнайы кортеж ұйымдастырып, тәртіп бұзған.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Жаңаөзендегі кортежге байланысты түсінік берді. Айтуларынша, кінәлілер жауапқа тартылған.

«Жаңаөзен жолында қауіпсіздікті сақтамай көлік айдаған жүргізушілер жауапқа тартылды. Бұл жағдайға 16 автокөлік жүргізушісі қатысқан. Жастары 18 бен 25 арасы. Барлық автокөлік айып тұрағына жіберілді. Жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы 1-бөлімі (жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау) бойынша және ӘқБТ 612-бабының 1-бөлісмі бойынша (өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына арналған уақытша куәлiгi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) хаттама толтырылды», - деп жауап берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.