«Жастар Рухы» спорт мәдениетін дамыту үшін тиісті меморандумға қол қойды
Алматы қалалық «AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты әскери патриоттықты дамытуға үлес қосады

Алматы қалалық «AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ТЖМ қолдауымен «Batyr Team» спорт клубы үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бұл бастама жастар арасында әскери патриоттықты дамытуға, сала мамандарының кәсіби даярлығын арттыруға және спорт мәдениетін дамытуға бағытталған. Алматыда меморандумға қол қою рәсіміне ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев, «Жастар Рухы» Жастар Қанатының Алматы қалалық филиал төрағасы Дидарбек Ділдәбек және Алматы қаласындағы «Batyr Team» спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров қатысты.
«Соңғы жылдары үлкен табиғи апаттар құтқарушылар рөлінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетті. Осы ретте, бүгінгі меморандум жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, отансүйгіштік пен елге деген құрметті қалыптастыруда еңбек етеді деп сенемін. Бастамасы ретінде алдағы апта Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты полк аумағында «Сарбаз болғым келеді» акциясын ұйымдастырамыз», - деді Алматы қаласы «Жастар Рухы» ЖҚ филиалы төрағасы Дидарбек Ділдәбек.
Ынтымақтастық аясында «Жастар Рухы» ЖҚ республикалық «Qaisar» жобасы мен «Сарбаз болғым келеді» акциялары бірлесе ұйымдастырылып, қызметкерлердің дене дайындығын арттыруға арналған арнайы спорттық жаттығулар мен оқу курстары жалғасады.
«Құтқарушылар әрдайым жақсы формада болуы керек, сондықтан спорт – олардың қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Олар әрдайым апаттар мен төтенше жағдайлармен күрестің алдыңғы шебінде жүреді. Сондықтан да мен тәжірибелі жаттықтырушы ретінде олардың дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын», - деді Алматы қаласындағы Batyr Team спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров.
Оның айтуынша, меморандумның басты міндеттерінің бірі – жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын насихаттау және бұл кәсіптің беделін арттыру.