«Күйіктің иісі шыққан»: Алматыдан кеткен бір топ турист Таиланд әуежайынан ұша алмай қалған (ВИДЕО)
Рейстің уақыты бірнеше рет өзгерген

SCAT әуе компаниясының Алматы – Пхукет бағытындағы 5235 рейсінің жолаушылары 28 наурыздан бері әуежайда күтіп отыр. Ұшақ сағат 01:35-те ұшуы тиіс болған, алайда техникалық ақауға байланысты рейс бірнеше рет кейінге шегерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде Таиландтағы алматылықтардың наразылық танытып жатқан видеосы тарады. Жолаушылар сағат 01:20-да ұшаққа мініп, бірақ 1,5 сағаттан кейін қайтадан терминалға қайтқан.
Рейстің ұшу уақыты алдымен 05:05-ке, кейін 06:10-ға, содан соң 08:00-ге ауысқан. Жолаушылар ұшақтың арт жағынан күйіктің иісін сездік дейді.
SCAT өкілдері бортты ауыстыру жоспарда жоқ екенін, ұшақты жөндегеннен кейін бірақ ұшады деген ақпарат айтқан. Бірақ ұшақ нақты қандай уақытта жөнделіп бітетіні және одан кейінгі қауіпсіздік кепілдігі туралы нақты ақпарат берілмеген.
Көп жолаушы техникалық ақауы бар ұшақпен ұшудан қауіптеніп, әуе компаниясынан балама шешім қабылдауды талап етіп жатыр.
Редакция бұл мәселені білу үшін компанияның баспасөз қызметіне хабарласты. Олардың айтуынша, ұшу алдындағы дайындық кезінде қосымша техникалық қызмет көрсету қажеттілігі анықталған.
«Күту уақытында жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын ұсынылды. Әуе компаниясы кешіккен рейс жолаушыларынан кешірім сұрайды. Біз үшін жолаушылардың қауіпсіздігі – ең басты басымдық», - деп хабарлады әуе компаниясы.