Өскеменде 48 жастағы келіншектің жатырынан баскетбол добынан да үлкен жара табылды
Аурудың алғашқы белгілері осыдан бес жыл бұрын анықталған екен

Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігерлері 48 жастағы келіншекке операция жасап, оның жатырынан баскетбол добынан да үлкен жараны алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, әйелдің ішіндегі дерті әбден асқынғанын білсе де дәрігерлер доптан да үлкен жараны көргенде естерінен тана жаздаған.
«Әйелдің жасын және жатырдың патологиялық өзгерістерін ескере отырып, дәрігерлер миоманы жатырмен бірге алып тастады. Операция кезінде қан кетуі қауіпі болса да, дәрігерлер операцияны сәтті өткізген», - деп жазады аурухана.
Дереккөзге сүйенсек, әйел 2020 жылы гинеколог дәрігерге қаралған. Бірақ, миома табылса да әйел ары қарай тексеріліп, емделмеген. Тек етеккірі тоқтамай қойған кезде ғана дәрігерге барып, көрінген. Ал ішіндегі ісікті ол қарынның майы деп ойлаған екен.
«Миома дегеніміз – бұл маткадағы қатерсіз жара. Көбіне оның нақты бір белгілері болмайды, бірақ уақыт өте келе әйелдің жатыры ауырып, етеккірі тоқтамайды. Осылайша, әйел анемияға ұшырайды. Үлкен миомалар әйелдің басқа органдарын басып тастайды. Егер әйел ертерек ауруханаға келсе, миоманы операциясыз, ал, уақыт өткізіп алса, операция арқылы емдейді», - дейді акушер-гинеколог Олжас Рахымжанов.