Елордалық полицейлер сериялы түрде пәтер тонаған топты қолға түсірді
Үш азамат та бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған
Нұр-Сұлтандық полицейлер қала аумағында сериялы түрде пәтер тонады деген күдікке ілінген азаматтарды ұстады. Ұсталған ұрылар үш адамнан тұрады. Күдіктілер Елорда мен Ақмола облысының жеке секторындағы үйлердің пластикалық терезелері арқылы ұрлыққа түсіп отырған. Ұрлаған мүліктерін - негізінен алтын бұйымдарды Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларындағы ломбардтарға өткізіп келген.
Полиция өкілдерінің жедел іздестіру шаралары аясында 30-31 жастағы күдіктілер Нұр-Сұлтандағы қонақ үйлердің бірінде тұрып жатқан жерінен ұсталған. Ұрланған зергерлік бұйымдардың бір бөлігі сол жерден табылған.
«Ұсталған азаматтар 10-нан астам ұрлық жасағанын мойындады. Олардың үшеуі де бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, ҚР ҚК 118-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған ақпаратта.