Ақмола облысында 37 жастағы кәсіпкер із-түссіз жоғалып кетті
Ол көлігімен Көкшетаудан Щучинск қаласына жолға шығып, хабар-ошарсыз кеткен

Ақмола облысында «Toyota Estima Lucida» маркалы көлігімен Щучинск қаласына жұмыстарымен жолға шыққан 37 жастағы көкшетаулық кәсіпкер сол күйі хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазіргі уақытта оның қайда кеткені белгісіз. Полицияға оның жұбайы жүгінген. Әйелдің айтуынша, жолдасы Руслан Имандинов жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Бойы 170-180 сантиметр, толық денелі. Қоңыр түсті қысқа шалбар, қара түсті футболка және қара түсті крассовка киген», - деп жазылған Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған факті бойынша полицейлер жігіттің достарынан, туыстары мен көршілерінен жауап алып, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерді іздеуге облыстық жол полициясының барлық жеке құрамы жұмылдырылған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы