Костенко шахтасындағы алапат жарылысқа қатысты іс сотқа кетті
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов хабарлады

2023 жылдың 28 қазанында Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан 46 кеншінің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп бітті. Іс материалдары сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Х желісінде жазды.
«Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ВЖТТ Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. 10 айыпталушыға қатысты іс тау-кен жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа жолданды», - деп жазды Асылов.
Естеріңізге салайық, 2023 жылдың 28 қазанда Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға қарайтын Костенко атындағы көмір шахтасында жарылыс болып, салдарынан 46 адам көз жұмған.
Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғадан кейін президенттің тапсырмасымен Қарағанды металлургиялық комбинаты қазақстандық компанияның меншігіне өтті. Оның жаңа иесі – кәсіпкер Андрей Лаврентьев. Көп ұзамай «АрселорМиттал Теміртау» атауы да «Qarmet» болып өзгерді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Qarmet-тің акциялар пакетін сатып алуға мемлекеттің ақшасы жұмсалған жоқ, бұл толығымен жеке инвестиция болды» деп мәлімдеген еді.