Жылына 2,1 млрд теңге үнемделеді: түрмеде отырған әйелдерге жазасына қарай рақымшылық берілуі мүмкін
ІІМ осы шара арқылы күніне 5,8 млн теңге үнемдеуге болатынын айтады

ІІМ сотталған әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы депутаттық сауалға жауап берді. Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай рақымшылық актісін қолдану туралы ұсыныс тұжырымдамалық түрде сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр, оның 2692-сі бас бостандығынан айыру орындарында ұсталса, 3707-сі пробациялық бақылауға алынған.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы қылмысты бір рет жасаған, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған», - деп хабарлады ІІМ.
Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелдің жаза мерзімі қысқаруы мүмкін. Рақымшылықты қарау кезінде жасалған қылмыстың ауырлығымен қатар сотталғандардың әлеуметтік жағдайын қосымша ескеру ұсынылады:
- 29 мүгедек әйел (I топ – 3, II топ – 3, III топ – 15);
- 60 жастан асқан 243 әйел;
- 13 жүкті әйел, жас балалары бар 58 (3 жасқа дейін);
- 226 көпбалалы ана бар.
«Бас бостандығынан айыруды жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жолымен, 3910 өтелмеген талап-арыздары бар әйелдер үшін жазаны жеңілдетуді көздеу қажет. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының талаптарын ескеру қажет, оған сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең. Ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды», - делінген жауапта.
Әлеуметтік осал адамдар санатына жататын сотталған ерлер саны 920 адам (I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ҰОС қатысушылары, зейнеткерлерге, толық емес отбасылар). Сонымен қатар, бірінші рет сотталғандарды және зорлық-зомбылықсыз қылмыстар жасағандарды босату мәселесі жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды ескере отырып, одан әрі талдауды қажет етеді.
ІІМ сотталғандарға рақымшылық беру арқылы бюджет шығынын азайтуға болатынын айтады.
«Осылайша, екі мыңнан астам сотталғанды босату арқылы бюджетті күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге болады (1 сотталған адамға күніне – 2900 теңге, тиісінше жылына 2,1 млрд теңге жұмсалады). Бұл шара - гуманизм қағидаттарын, мемлекеттің әлеуметтік саясатын қолдауды, әйелдерді бейімдеуді, олардың отбасылық құндылықтарын нығайтуды және балалардың құқықтарын сақтауды, сондай-ақ ҚАЖ түзеу мекемелерінде өтеушілердің жүктемесін азайту есебінен мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруды және сотталғандарды ҚАЖ мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсартуды көздейді», - делінген хабарламада.