Күзетшіні мазақ еткен блогерлер жазаланған жоқ - полиция марқұмның өліміне қатысты тергеуді тоқтатқан
Атырауда блогерлер «сен бомжсың» деп мазақтағаннан кейін қайтыс болған күзетшінің өлімі сұраусыз қалды
Атырауда блогерлер мазақ қылғаннан кейін, миына қан шауып қаза тапқан күзетшіге байланысты ашылған қылмыстық істі полиция тоқтатып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2024 жылғы 9 желтоқсанда қылмыс құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндіріс тоқтады. Аталған шешім қадағалаушы прокурормен келісілгенін қаперіңізге береміз», - деді Атырау облысы полиция департаменті редакцияның сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, былтыр тамыздың аяғында Атырауда блогерлер «Мемлекеттік сараптама орталығының» ғимаратына келіп, рұқсатсыз ішке кірмек болған. Бірақ 56 жастағы күзетші Хәкім Иманиязов оларды турникеттен өткізбеген. Осыған ашуланған блогерлер күзетшіні «сен бомжсың» деп келемеждеп, видеоға түсірген. Олардың ауыр сөздеріне шыдамаған ер адам миына қан шауып, көз жұмған еді. Полиция осыған қатысты қылмыстық іс ашқан болатын. Бүгінде құқық қорғау органдары адам өлімінен ешқандай қылмыс белгісін көрмей, істі жауып отыр.