Қалада 506 техника мен 581 адам дайын тұр: Астана су тасқынымен қалай күреседі
Бүгін бірнеше сала мамандары есеп берді

2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы ерекше бақылауда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Астана қаласы әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті, «Қазсушар» мен «Қазгидрометтің» өкілдері Астана қаласының көктемгі су тасқынына қарсы дайындық деңгейі, қауіпті аймақтары мен елордаға жақын орналасқан елді мекендердегі жағдай талқылады.
«Жиынымыздың негізгі мақсаты – елорданың су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейімен танысып, бірлесіп жұмыс істеу. Бәрінен бұрын тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан біз жағдайды осы бастан бақылауда ұстап, жұмыла әрекет етуіміз керек. Сақтықта қорлық жоқ», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Қаланың коммуналдық қызметтері 5,6 млн текше метрден астам қар шығарып, 22,9 мыңнан астам метр арық-науа желісін, 11 492 метр коллекторларды және 586 дана жаңбыр қабылдау құдықтарын тазартқан.
«Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алдағы су тасқыны кезеңіне дайындықты алдын ала бастады. Арнайы комиссия қаланың су тасқыны қаупі бар учаскелерін зерттеп, 18 учаске бойынша аудан әкімдеріне қажетті шараларды қабылдау туралы ұсынымдар берді», – дейді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Мырзагелдиев.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, су тасқыны құбылыстарына уақыты ден қою үшін жеке құрамның 581 адамы, 506 бірлік техникасы, 131 бірлік мотопомпасы бар азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылған. Айта кетейік, қазір елорданың шаруашылыққа, ауыз суына және өндірісіне керек суын беріп отырған жалғыз мекеме – Астана су қоймасы. Ол 1970 жылы пайдалануға берілген. Қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 65 шақырым жерде орналасқан су қоймасының жағдайын үнемі бақылауда ұстау өте маңызды.
«Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы учаскенің аумағын, кірме жолдарды және қорғаныс бөгетінің жотасын қардан тазарту секілді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде қажетті жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы киіммен, ЖЖМ, қосалқы бөлшектермен, алғашқы медициналық көмек құралдарымен, инертті материалдармен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Астана су қоймасының жағдайы қалыпты. Десе де, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр», – дейді «Қазсушар» өкілі Жанар Мухатова.
Елорданың су тасқыны кезеңіне дайын болуы «AMANAT» партиясының да мүддесінде. Сондықтан «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанынан жұмыс тобы құрылып, жағдайды бақылауда ұстау үшін тиісті шаралар қабылдамақ.