Тоқаев блок-бекетте көз жұмған екі полицейді «Айбын» орденімен марапаттады
Марқұм болған екі полиция өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды

Еске сала кетейік, кеше, яғни 25 мамырда Алматы маңында таңғы сағат 05:26-да блок-бекеттердің бірін бұзып өтпекші болған мас жүргізуші полиция көлігін соғып, соның салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды.
Осы ретте Мемлекет басшысының жарлығымен Алматыдағы блок-бекетте апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі наградталсын», - делінген мәтінде.
Айта кетейік, блок-бекетте 2 полицейдің өмірін қиған жүргізуші 6 жыл құқық қорғау органында жұмыс істеген. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов мәлімдеді.