Семейдің экс-әкімі халыққа 4 минуттық ролик арнаған – онда шыршаның бір суреті жоқ (ВИДЕО)
Нұрбол Нұрсағатов бүгін Семей қаласы әкімінің лауазымынан кетті
Семей қаласын екі жыл, екі ай басқарған Нұрбол Нұрсағатов бүгін лауазымымен қоштасып, халыққа 4 минуттық ролик арнаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, осы сенбі, 21 желтоқсан күні Семейде оқыс оқиға орны алды. Алаңдағы әкімдіктің шыршасын құрып жүрген мұғалімдердің бірі абайсызда құлап кетіп, ауыр жарақат алған. Мұғалімнің әйелі журналистерге сұхбат бере отырып, шырша мектептікі де емес, білім басқармасынікі де емес, әкімдіктікі екенін және осы шыршаны орнатуға 30 млн теңге бөлінгенін мәлім еткен еді.
Семей қаласының әкімдігі шыршаға қатысты сұрақтарымызға жауап бермей, телефон қоңырауларына жауап бермей отыр.
Ал, біздің шыршаның құнына қатысты мақаламыздан кейін жарты сағат өткен соң Семей қаласының экс-әкімі Нұрбол Нұрсағатов қызметінен кеткенін мәлімдеп, желідегі жеке парақшасына пост салған. 4 минуттық роликте ол екі жыл ішінде атқарған жұмыстарын тізіп өткен. Оқиға дәл осы күндері болып жатқанына қарамастан, Нұрсағатов «қоштасу» постында да, одан бұрын да шыршадан құлап, зардап шеккен мұғалім туралы ләм-мим деп тіс жармаған.