$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2020, 00:10
Оқиғалар

Аягөздегі төрт баланың өлімін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де тексермек

Құзырлы орган олар сырқаттанып өлді дегенге сенбейді

Аягөздегі төрт баланың өлімін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де тексермек

Аягөздегі төрт баланың өлімін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де тексермек. Шығыс Қазақстан облысының шенділері де карантинде жеткіншектердің көз жұмуына асқазан инфекциясы мен қызылшаның қатысы жоқ деп сенімді отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Аягөздегі арнайы интернаттың тәрбиеленушілері қызылшамен ауруханаға жатқызылып, оның төртеуі көз жұмды деген ақпарат тарағалы жергілікті билік өкілдеріне тыным жоқ. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған дімкәс балалардың арнайы қызмет көрсету орталығы апта басынан бері тексеруден көз ашпай келеді. Бүгін ведомствоаралық комиссия өз қорытындысын жариялады. Дәрігерлердің шешімін негізге алдық деген атқамінерлер балалардың мезгілсіз қазасына қызылшаның қатысы жоқ екенін айтады. 

«Балалар бір айдың ішінде әр түрлі уақытта қайтыс болды. Олардың туа біткен аурулары асқынып кеткен. Алғашқы жағдай 2-сәуірде болды. Ол кезде 2008 жылы туған бала көз жұмған. Дәрігерлердің шығарған қорытындысы: өлімге қызылшаға қатысы жоқ. Бұл туралы тиісті медициналық куәліктер мен актілер де бар. Жан тапсырған жеткіншектерден бұрын ата-аналары бас тартқан»,- дейді ШҚО әкімінің орынбасары, Әлішер Мархабат.

Шуға себеп болған орталықта психоневрологиялық патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Бірақ олардың асқазанынан бактерияның табылуы көпшіліктің көңілін күпті қылды. Себебі, мемлекеттік сатып алу сайтындағы тапсырыстардан кейін интернаттың ас мәзірі қымбат шипажайдан кем емес пе деп қаласың. Мәселен, мекеме сәуір айында 750 мың теңгеге бекіре уылдырығын және 650 мыңға 60 келі қызыл балық сатып алыпты. «Қымбат балықтар балаларға берілді ме?» деген сұраққа енді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап іздейтін болады.  

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал осы жағдайдан кейін Аягөздегі интернаттың директоры, оның орынбасары және бөлім басшысы тәртіптік жазаға тартылды.

Дүйім жұртты елең еткізген оқиға еліміздегі 113 әлеуметтік орталықтың жоспардан тыс тексерілуіне себеп болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдымен балаларды оңалтатын орталықтардың жай-күйімен таныспақ.

Серіктес жаңалықтары