СҚО-да із-түссіз жоғалған 81 жастағы әже табылды
Өңірде жыл басынан бері жоғалған адамдарға байланысты 122 арыз тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында із-түссіз жоғалған 81 жастағы әже табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 мамыр күні Прибрежное ауылының тұрғыны Қызылжар ауданының полиция бөліміне хабарласып, ұмытшақтығы бар 1939 жылы туған анасының жоғалғанын айтқан. Аудандық полиция бөлімі мен облыстық криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Іздестіру топтары Петропавл қаласының маңындағы елді мекендерді, орман алқаптарын, саяжай қоғамдастықтарын тексерді. Қарт тұрғынды іздеуге еріктілер де қосылды. Әжейдің суреті мен ол туралы қысқаша ақпаратты танымал әлеуметтік желілерде дәл осы еріктілер тез арада жариялаған еді. 20 мамыр күні Пестрое көлі маңындағы жеке секторда жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан Петропавл қаласының екі тұрғыны Instagram желісіндегі әжейдің суретін көріп, оны бірден танып, бірден полицияға хабарлады.
«Қарт әйелдің соңғы тәулікте басынан қандай оқиға өткені есінде жоқ. Бірақ жағдайы жақсы. Одан жауап алған соң жақындарына табыс етеміз. Оның табылғаны жөнінде туыстарына хабарладық», – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Сейілхан Жұмағұлов.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының полицейлерімен із-түссіз жоғалған адамдарға байланысты 122 арыз тіркелді. Қазіргі уақытта олардың 120-сы табылды.