Кісі өлтіргені үшін 15 жыл бойы іздеуде болған Өзбекстан азаматы Алматы облысында ұсталды
Ол Өзбекстан еліне экстрадициялануы мүмкін
Құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіргені үшін ұсталған Өзбекстан азаматы бұрын қамаудан қашқан, кісі өлтіргені үшін 15 жыл бойы іздеуде жүрген адам болып шықты. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қарасай ауданының полиция қызметкерлері құрамында есірткі заты бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірген азаматты ұстады. Аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
«Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ күдікті ұсталған кезде есірткі қабылдап, масаң күйде болған. Ұстау барысында агрессия көрсетіп, қолына асүй пышағын алып, өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан. Алайда, жедел уәкілдер оны қарусыздандырып, Қарасай ауданының полиция басқармасына жеткізген», - делінген хабарламада.
Жеке басын анықтау барысында, күдіктінің өзгенің аты-жөнін пайдаланғаны белгілі болды, себебі құжаттағы фотосурет оның бейнесіне сәйкес келмеген. Дерекқор бойынша саусақ іздерін тексерген тәртіп сақшылары ұсталған адамның Өзбекстан құқық қорғау органдары адам өлтіргені және қамаудан қашқаны үшін іздеуде жариялаған адам екенін анықталды.
«1976 жылы туған Өзбекстан азаматы 2005 жылдан бастап іздеуде жүрген. Енді жасаған қылмысы үшін жауапкершілік туралы мәселе шешілгеннен кейін, оны Өзбекстан еліне экстрадициялау туралы мәселе шешілетін болады», - деп хабарланған.