Қостанайда 6 жасар бала терезеден құлап кетті
Ол облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды

Қостанай қаласында алты жасар бала 2-қабаттың терезесінен құлап кетіп, аман қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Оқиға 14 мамыр күні сағат 23.37-де болған. Қостанай қаласында алты жасар бала екі қабатты жеке меншік үйдің 2-қабатындағы балалар бөлмесінің терезесінен құлап кеткен. Құлаған кезде ол өсіп келе жатқан ағаштың бұтақтарынан ұстап, аман қалған. Жерден көтеріліп, үйге өзі кірген және болған оқиғаны ата-анасына айтып берген. Ол кеуде омыртқасының жарақаты диагнозымен облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды», - деп жазылған хабарламада.
Қостанай облысының ТЖД ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында терезелерге торлар немесе құлыптар орнату керектігін ескертеді.