Петропавлда он қабатты үйден өрт шықты
Оқиға орнынан 45 адам эвакуацияланды

Петропавлда он қабатты үйден өрт шықты. Оқиға орнынан алты адам құтқарылып, 45 адам басқа жерге көшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
«15 мамыр күні сағат 17:00-де Петропавл қаласының «101» пультіне Жамбыл көшесі бойындағы 10 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түсті. 6 минуттың ішінде оқиға орнына бірінші өрт сөндіру тобы келіп жетті. Өрт оныншы қабаттағы 3 бөлмелі пәтерден шыққан. Өрт сөндірушілер 6 тұрғынды, оның ішінде 5 баланы құтқарып, 45 адамды, оның ішінде 15 баланы эвакуациялады», - деп жазылған хабарламада.
Өрт 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазіргі уақытта тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге облыстық ТДЖ жеке құрамының 25 маманы мен 6 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.