Күл үшін қырғын: Павлодар облысында жаппай төбелес кезінде полицейлер оқ атты
Жанжал кезінде олар ауаға ескерту үшін оқ атқан
Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Қалқаман ауылының жанында орналасқан мобильдік постқа ауыл тұрғындары құжатсыз «микросфера» күлін жинау үшін келген. Олар сол жерде қарсылыққа тап болып, жанжал шыққан деп, хабарлайды Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
«2020 жылғы 13.05. сағат 17.30-да мобильдік постқа Береке кентінің 30 шақты тұрғыны автомашиналармен келіп, күш қолданамыз деп қорқытумен, полиция қызметкерлерінің мүлкін зақымдап, олардың оқиға орнынан кетуін талап еткен. Жжанжалды жою, сондай-ақ оның жалғасуына жол бермеу үшін полиция қызметкерлері арнайы құралдар қолданып, бос патронмен ескерту оғын ату арқылы осы ауыл тұрғындарының іс-әрекетін тоқтатты», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: «Бір келі күл 100 теңге»: Павлодар облысында тұрғындар күл сатып күнелтіп жүр
Қазіргі уақытта атыс құралдарын қолдану фактісі бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, соның барысында полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.
«Видеода ролик авторы ауыл тұрғындары тарапынан шыққан қорқытуларды басында және соңында алып тастағаны көрініп тұр, онда полиция қызметкерлері осы тұлғалардың заңсыз әрекетін түсіндірген», - деп хабарлайды Департамент.
Айта кетейік, мал ұрлығының алдын алу үшін және «Металлогамма» мен «NewHantamurNC» ЖШС-нен «микросфера» күл-қоқыс шикізатын жаппай ұрлауға байланысты Полиция департаментімен Ақсу өңірі Ақжол және Береке ауылдарына мобильдік пост қойылды.
Департаменттің хабарлауынша, мобильдік пост қойылғалы аумақта мал ұрлығы 35%-ға азайған. Пост елдімекеннен 15 шақырым қашықтықта орналасқан және адамдардың еркін жүріп-тұруына еш кедергі келтірмейді.