Щучинск қаласында үй өртеніп, ерлі-зайыптылар қайтыс болды
Олар алкогольді ішімдікке мас болған
Оқиға 14 мамыр күні таңертең Щучинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде болды. Өрт салдарынан екі адам қайтыс болған, олар ерлі-зайыптылар, деп хабарлады Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру қызметкерлеріне хабар таңғы сағат 7:13-те келіп түскен. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде өрт сыртқы дәліз бен төрт пәтерлі үйдің шатырына да шарпып кеткен екен. Жалынды жарты сағатта өшірген өрт сөндірушілер үй ішінен екі адамның мәйітін алып шыққан.
Марқұмдардың бір қызы болған. Ол оқиға болардан бір күн бұрын таныстарына қонаққа кетіп, сол үйде қонуға қалыпты.
«Қыздарының айтуынша, қайғылы оқиға болар күні ата-анасы алкогольдік ішімдік ішіпті. Олар үйде темекі тартуды әдетке айналдырған», - деді ТЖД мамандары.
Өрт 50 шаршы метр аумақты қамтыды. Қайтыс болған отағасы «Богви» шаруашылық серіктестігінде жұмыс істеген. Әйелі жұмыссыз болған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы