$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шетелден келген көмектің дауы: Арқалық әкімдігі жауап берді

Қала билігі төтенше жағдайдан кейін көрші елдерден келген азық-түлікті мұқтаж жандарға бөліп берген

Шетелден келген көмектің дауы: Арқалық әкімдігі жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Арқалық қаласының әкімдігі шетелден келген гуманитарлық көмек өнімдері мен құрылыс материалдарының айналасындағы дауға қатысты ресми жауабын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2023 жылдың мамыр айында Қостанай облысындағы су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде Аркалық қаласындағы қоймаға Өзбекстаннан 2 вагон азық-түлік келді. Бұл азық-түлік 3 бөлікке бөлініп, Амангелді, Жангелді аудандарына және Аркалық қаласына таратылды. Бөлу туралы шешімді арнайы құрылған комиссия жүзеге асырды, оған қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары мен журналистер кірді. Келген гуманитарлық көмек құрамында тез бұзылатын өнімдер болған жоқ, атап айтқанда: су, консервіленген компот, қант, күріш, ұн және макарон.

Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін (Арқалық қаласы әкімінің шешімі № 12, 11.09.2024 ж) гуманитарлық көмектен артылған өнімдерді мұқтаж жандарға беру туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады.

Қала әкімдігінің ақпаратынша, бүгінгі күні Аркалық қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тұрғындардан 739 өтініш келіп түскен, оның 618-і азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

«Сондай-ақ, Тәжікстаннан 3 вагон цемент, 1 вагон шифер және 1 вагон бөтелкедегі таза су жеткізілді. Бұл өнімдер де үш ауданға тең бөлініп таратылды, соның ішінде Аркалық қаласындағы мешітке 1 вагон су берілді.

Үш вагон цементтің 60 тоннасы Амангелді ауданына, 60 тоннасы Жангелді ауданына жіберілді. Қалған цемент «Іскер – Арқалық» ЖШС-не көпқабатты үйлердің шатырлары мен жертөлелерін жөндеу үшін, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен шаруашылықтарға берілді.

Гуманитарлық көмек құрамындағы 600 шифер Амангелді ауданына, 600 шифер Жангелді ауданына, ал 800 шифер Арқалық қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен шаруашылықтарға берілді», - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Арқалық қаласының билігі мұқтаж жандарды анықтап, гуманитарлық көмектің таралуын қатаң бақылауға алдық дейді.

«Арқалық қаласындағы блогерлер тарапынан таралған видеолардағы ақпарат шындыққа жанаспайды және фактілер бұрмаланған», - деді әкімдіктен.

Еске салсақ, Арқалық қаласының бір топ белсенді азаматы су тасқынына көмек ретінде Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген екі вагон азық-түлікті қала билігінің халыққа бермей, тығып қойғанын айтқан еді. Сонымен қатар шетелден жіберілген 3 вагон құрылысы материалдарының есебін сұраған.

Серіктес жаңалықтары