Тоқаев судьялар жиынында Қуандық Бишімбаевтың соты туралы айтты
Президенттің айтуынша, биыл екі сот процессі онлайн өткен
Бүгін Судьялардың ІХ съезінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн тәртіппен өткен сот істеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек», - деді президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар.
«Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл – елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл»,– деді мемлекет басшысы.