«Жоба өзгерді»: Лифті сыртында салынып жатқан көпқабатты үйге қатысты елорда әкімдігі түсініктеме берді
Елордада ғана бар ерекше үй
Azattyq Ryhy Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы «Баспана көктал» тұрғын үйі кешеніне бұрынғы мердігер «Орал-Дизайн-Строй-Сервис» ЖШС әу баста заңсыз бірнеше қабат қосып салғанын анықтады.
«Мысалы, 5 қабат болуы тиіс жерге 9 қабат салған, 9 қабат тұруы тиіс жерден 12 қабат көтерген. Сөйтіп, барлығы үлескерлерге сатылған. Сот шешімімен нысанның Тұрғын үй кооперативіне өтуіне байланысты техникалық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік экспертизадан өтті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, 6 қабаттан жоғары үйлердің лифті болуы тиіс. Сол себептен де жобалаушылар ол үйлерге лифт пен өрт баспалдағын салу туралы шешім қабылдады», - делінген әкімдік хатында.
Әкімдік «барлық жобалық шешімдер тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруі үшін қабылданды» деп мәлімдеді.
Елде жоқ, күнде жоқ үйдің құрылысын бастаған «Орал-Дизайн-Строй-Сервис» ЖШС басшысы К.Жұмабеков 2017 жылы ірі көлемдегі алаяқтығы үшін сотталып кетті. Ол 536 үлескерге 564 пәтерді сатып үлгерген. Үлескерлер ақша салған үйлерінің уақытында тапсырылмай жатқанын айтып, бірнеше рет шу да шығарған.
Еске салайық, бүгін Facebook- те елордалық журналист Бақытнұр Әлібай қалада лифті сыртынан салынып жатқан көпқабатты үйге қатысты видео жариялады.
«Қызығы сол, құрылысы біткен проблемалы үйлер ғой. Бір құрылыс компаниясы жоба жасатып алып, кейін 9 қабат қылып жіберген, Енді біткен үйдің сыртынан лифт салып жатыр. 9 қабатты үйге лифт салуды ұмытып кеткен ғой. Сол лифті енді сыртынан салып жатыр. Елестетіңізші, сырттан жүріп жатқан лифт. Қыстың күні қатып қалмаса болды», — деп пікір айтқан тілші.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан