Қарағанды әкімдігі кәсіпкер құқығын таптады – прокуратура
Бұқар жырау аудандық әкімдігі келісімшартты заңсыз тоқтатқан
Қарағанды облысында 2 жыл бойы әділдік іздеген кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының қызметіне талдау жүргізді.
«Бұқар жырау ауданында әкімдік пен компаниялардың бірі арасында құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге келісімшарт жасалған. Алайда, кейін әкімдік бұл келісімшартты біржақты тәртіппен тоқтатқан. Шартты бұзудың заңда белгіленген тәртіптері сақталмағандықтан, бұл әрекеттер заңсыз деп танылды.
Кәсіпкер екі жыл бойы әділдік іздеген, бірақ оның талпынысы нәтиже бермеген. Прокуратура әкімдіктің заңсыз әрекетіне наразылық енгізіп, ол қанағаттандырылды», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Нәтижесінде келісімшартты бұзу туралы бұйрықтың күші жойылып, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.